Жамбыл облысы Меркі ауданы Қостоған ауылында жол апатынан төрт адам көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 20 қыркүйекте болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "TANK 500" автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, "ВАЗ-2107" көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан "ВАЗ" жүргізушісі мен жол талғамайтын көліктің 3 жолаушысы қаза болды, дейді полиция.

Шетелдік көліктің жүргізушісі аудандық ауруханаға жатқызылды.

Әлеуметтік желіде оқиғаға кінәлі жүргізуші арнайы жасақ отрядының инспекторы екені айтылып жатыр. Алайда Жамбыл облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Ол ішкі істер органдарының қызметкері емес", — дейді департамент.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.