Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметі ауқымды түрде жаңғыртылды. Арнайы көліктердің «А» және «В» кластарының кілттерін өңір басшысы Ербол Қарашөкеев табыстады. Барлығы медицина қызметкерлеріне 60 жаңа автокөлік берілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа реанимобильдер Тараз қаласы, облыс аудандары және санавиация қызметі арасында бөлінді.
Атап айтқанда, 33 автокөлік Тараз қалалық жедел жәрдем станциясына, төртеуі санавиация қызметіне, ал қалған 23-і аудандық жедел жәрдем бөлімшелеріне берілді.
Әкімдікте айтылғандай, жаңа көліктердің қатарында заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған «А» және «В» кластарындағы санавтомобильдер, сондай-ақ ауыр халдегі адамдарға шұғыл реанимациялық көмек көрсетуге арналған арнайы реанимобильдер бар.
Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балкыбекованың айтуынша, өңірде қазір халыққа 105 медициналық бригада қызмет көрсетеді. Дәрігерлер 100% видеожетондармен қамтамасыз етілген.
«Видеожетондар GPS-навигация және "SOS" дабыл түймесімен жабдықталған. Олар полицияға қауіп төнген кезде жедел жәрдем бригадасының орналасқан жерін бірден анықтауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.
Өз кезегінде облыс әкімі медицина қызметкерлеріне еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Еске салайық, маусым айында Алматы облысының медициналық ұйымдары жедел жәрдемнің 70 жаңа санитарлық автокөлігін алған болатын. Олар лизинг — ұзақ мерзімді жалдау және сатып алу мүмкіндігімен сатып алынды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізілген жаңғыртудың арқасында өңірдегі медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 93%-ға жетті.
