«– Есепте тұрған балалар және олардың ата-аналарымен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жасөспірімдердің мінез-құлқы, бос уақыты, тұрмыстық жағдайы мен оқу үлгеріміне ерекше назар аударылады. Соған қарамастан, девиантты мінез-құлық танытқан 19 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке жіберілді, тағы 6 іс сотта қаралуда. Сонымен қатар 63 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелсе, 177 бала бейімдеу орталығына орналастырылды, – деді Б. Жанаев.»

«– Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдерге қатысты қайғылы жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Әр баланың тағдыры – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Сауалнама қорытындысы балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелілік пен тиімділіктің жеткіліксіз екенін көрсетті. Әсіресе әлімжеттік, қорқыту, ақша бопсалау секілді келеңсіз жайттар әлі де кездеседі. Жоғарыдағы өзекті жайттарды ескере отырып, өңірде балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту мақсатында Бала құқықтарын қорғау басқармасын құру жұмыстары жүзеге асуда. Бұл құрылымның басты міндеті – әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау болмақ. Жалпы, бұл мәселе тек бір саланың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір ата-ана, мұғалім және уәкілетті орган өкілі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен амандығы үшін бірігіп жұмыс істеуі тиіс! Қазір – білекпен емес, біліммен бәсекелесетін заман. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең өркениет көшінің алдыңғы қатарында боламыз, – деп атап өтті облыс әкімі.»