Жамбыл облысының Меркен ауданында уәкілетті мемлекеттік органдар мен еріктілердің күшімен аудан бойынша жалпы 19 мың га жердегі жабайы кендірдің 580 га-сы шабылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалау органының мәліметінше, осы алаңнан жиналған 376 тонна кендір өртелді.
«Меркен ауданы прокуратурасының үйлестіруімен уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен 2026 жылдың маусымынан бастап аудан аумағында «Қарасора – 2026» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жабайы кендірді анықтау және жою бойынша кешенді іс-шаралар өткізілуде. Аудан аумағында жабайы кендірдің жалпы өсу алаңы шамамен 19 мың гектарды құрайды... Бүгінгі таңда 580 гектар алаңда 376 тонна жабайы кендір шабылып, өртеу жолымен жойылды», — делінген таратылған хабарламада.
Осылайша, жабайы кендірдің нақты өнімділігі бір гектардан орта есеппен 6,5 центнерді құрады.
Жұмыстарды жүргізу үшін жұмыс тобының мүшелерімен қатар 14 ауылдық округтен 28 ерікті тартылды, сондай-ақ қажетті арнайы техника жұмылдырылды.
Прокуратураның ақпараты бойынша, жабайы кендірді жою жұмыстары ауданда жүйелі негізде жүргізілуде және есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алудың маңызды шараларының бірі болып табылады.
«Жүргізіліп жатқан кешенді профилактикалық жұмыс есірткі қылмысының деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Мәселен, 2025 жылдың 7 айында 45 есірткі қылмысы тіркелсе, биылғы жылдың осы кезеңінде – 28, бұл 37,8%-ға төмендегенін көрсетеді», — деп хабарлады қадағалау органында.
Өткізілетін іс-шаралардың негізгі мақсаттары есірткі қылмысының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына жол бермеу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жас ұрпақты есірткінің зиянды әсерінен қорғау болып табылады.
Облыстық прокуратура есірткі құралдарын заңсыз өсіру, сақтау, тасымалдау, сату және өзге де әрекеттер Қазақстан заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Астаналық Leodar компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында техникалық кендір өсірумен және қайта өңдеумен айналысуды жоспарлаған – жобаның құнын ауыл шаруашылығы министрлігінде $150 млн деп бағалаған. Оған арналған жер учаскесі 26,4 мың га құрайды, оның ішінде 25 мың га егістік жер және 1,4 мың га жайылым, алайда компания әлі күнге дейін жерді рәсімдеу үшін құжаттарды тапсырмаған, сондай-ақ қаржыландыру көздерін іздеумен айналысқан. Жоба экспортқа бағытталуы тиіс.
Leodar компаниясының басшысы және жалғыз иесі Әлібек Қасымов болып табылады. 2025 жылы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысында техникалық кендірден қағаз өндіру жобасын іске қосу жоспарлары туралы хабарлаған. Оның айтуынша, инвестор жобаға арналған жер учаскесін таңдап, технологияларды зерттеп жүрген.
