Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында тауда саңырауқұлақ теру кезінде аяғын жарақаттап, өз бетінше қозғала алмай қалған әйелге құтқарушылар көмек көрсетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнына құтқарушылар, «Луговое» трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері, зардап шеккен әйелдің туыстары және жедел жәрдем бригадасы келді.
1960 жылы туған әйелді таулы жерден носилкамен жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізіп, одан әрі ауруханаға жатқызу үшін дәрігерлерге тапсырды.
«Таулы жерге аттанарда маршрутты және ауа райы жағдайын алдын ала бағалаңыз, жақындарыңызға қайда баратыныңызды хабарлаңыз және өз күшіңізді асыра бағаламаңыз», — деп еске салды құтқарушылар.
Төтенше жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Бұған дейін «Курсив» Атырау вокзалында бес метр биіктіктен құлаған жұмысшы комаға түскені туралы жазған болатын.
