Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Батыс Еуропа – Батыс Қытай трассасында бұзылған автобустағы Өзбекстаннан келген жас футболшыларға көмек көрсетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңындағы автожолдың 568-ші шақырымында болды. Автобуста Өзбекстанның 42 азаматы – 37 бала және бес ересек адам болған. Команда Қырғызстанда өткен халықаралық футбол турниріне қатысып, үйіне қайтып келе жатқанда көлік істен шыққан.
Полиция хабарлама алған соң, оқиға орнына жедел жетті. Балалардың күн астында қалмауы үшін оларды ересектермен бірге Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйіне жеткізді.
«Қонақтарға ыстық тамақ ұйымдастырылып, ауыз су беріліп, демалуға барлық жағдай жасалды», – деп хабарлады Polisia.kz.
Резервтік автобус келгеннен кейін жас спортшылар үйге жолдарын жалғастырды.
Полицияда атап өткендей, қызметкерлердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында жағдай тез шешілді. Оқиға салдарынан ешбір бала зардап шеккен жоқ.
Бұған дейін «Курсив» Степногорскте жұмысшы ұйықтап жатқан иесінен Lexus ұрлап, оны жол апатында сындырғаны туралы жазған болатын.
