Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысында жансақтау бөліміне түскен мектеп оқушысының жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылында болған. 9-сынып оқушысын өзінен үлкен жасөспірімдер ұрған. Бала кеуде тұсынан соққы алғаннан кейін есінен танып қалып, жансақтау бөліміне түскен.

«14 жастағы баланың жағдайы шынымен ауыр, қазір медикаментоздық комада жатыр. Оның жағдайы әзірге тасымалдауға келмейді. Шұғыл медициналық көмек көрсету ұйымының мамандары телемедицина арқылы қажетті консультациялар беріп, баланың жағдайын бақылауда ұстап отыр. Жағдайы тұрақталғаннан кейін оны санитариялық авиациямен Астанаға жеткіземіз», – деді Ақмарал Әлназарова үкіметтегі брифингте.

Осы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Айта кетері, медицинада ауыр салдардың алдын алу үшін пациентті медикаментоздық комаға немесе жасанды комаға түсіреді.