Жамбыл облысында шу шығарып, жол қозғалысы ережесін бұзғандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында автокөліктер кортежін анықтаған. Онда көліктердің бірінің жолаушысы люктен шығып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп, отшашу атқан.
«Құқық бұзған 18 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол елді мекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ жол ережесін бұзуға жол берген автокөлік жүргізушілері де жазаланды. Полиция қоғамдық орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, түнгі тыныштықты бұзу және жол қозғалысы ережелерін әдейі елемеу заң бұзушылық екенін қатаң ескертеді. Мұндай әрбір дерек анықталып, кінәлі тұлғалар міндетті түрде заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады, дейді полицейлер.
