Жамбыл облысында екі кішкентай баланы терезеден лақтырып жіберген әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол сәбилердің өз анасы болуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады.

««Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәмелетке толмаған екі бала ауруханаға жеткізілді. Қазір қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.»

Жәбірленушілер – 2021 және 2023 жылы туған сәбилер. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, дәрігерлер екеуіне де «жабық бас-ми жарақаты» және «ми ісінуі» диагнозын қойған. Одан бөлек, үлкен сәбидің ортан жілігі сынып, сүйегі жылжып кеткені анықталды.

««Екі балаға да бас миына, кеуде қуысына, жамбас сүйектеріне компьютерлік томография және лапароцентез (іш қуысындағы артық сұйықтықты алу) жасалды. Сондай-ақ мидың ісінуіне қарсы терапия жүргізілді», – деп нақтылады басқармадағылар.»

Енді жасы үлкен сәбидің ортан жілігіне ота жасалады.

Фото: Әлеуметтік желіден