Жамбыл облысында ірі қарасора алқабы жойылды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірдің құмды алқапқа жақын аумағында автономды электр қуатымен жабдықталған және суару жүйесімен қамтылған, үнді қарасорасы өсірілгені анықталды. Жасырын алқабты анықтау үшін әуеден барлау жүргізілді.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын көмегімен және жедел қызметкерлердің үйлесімді іс-қимылдарынын нәтижесінде күдікті қылмыс жасау үстінде ұсталды, деп жазылған хабарламада. Ол – бұрын бірнеше рет сотты болған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ол құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өңдеп және басқа өңірлерге апарып көтерме бағамен сатуды көздеген. Тінту барысында жалпы салмағы 438 келі болатын биіктігі екі метрден астам 50 түп қарасора, қаптама материалдар және арнайы агротехникалық жабдықтар тәркіленді. Жедел қызметкерлердің назарына оқ-дәрілері бар, сериялық нөмірі өшірілген Макаров тапаншасы ілікті.
Сондай-ақ 12 калибрлі Байкал мылтығы, оған арналған оқ-дәрілер және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын автокөлік тәркіленді. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ер адам кінәсін мойындады және ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
