Жамбыл облысының Жамбыл ауданында бұрынғы әйелінің үйіне қайта-қайта барып, жанжал шығарған 62 жастағы ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері аталған мекенжай бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалға қатысты полицияға төрт рет хабарлама түскен.

«Ер адам бірнеше рет жанжал шығарып, отбасы мүшелерін қорқытқан және мүмкіндігі шектеулі әйелге күш қолданған», — деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда ол нұсқаманың талаптарын қайтадан бұзған.

Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабында көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот қаулысымен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы кесілді.