Жамбыл облысында ауыр жүк көліктерін бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілерге өңірдегі шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк, жолаушылар, жеңіл және транзиттік автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалады деген айып тағылып отыр.

Тергеу барысында 27 тінту іс-шарасы жүргізілді. Тінту кезінде суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автокөліктер тәркіленді.

"Тергеу бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша жүргізіліп жатыр", — деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайы, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ ықтимал қосымша эпизодтар анықталып жатыр.