Жамбыл облысында кәмелетке толмаған баласының көзінше алкогольдік ішімдік ішкен тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, Меркі ауданының тұрғыны С. үйінде кәмелетке толмаған ұлының көзінше алкогольдік ішімдік ішіп, баланың тәрбиесіне кері әсер еткен.
Аталған дерек бойынша оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі ("Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Сот барысында азамат өз кінәсін толық мойындады. Аталған баптың санкциясына сәйкес, құқық бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Алайда сот оның кінәсін мойындағанын, құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, оң мінездемесін және жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Сот қаулысымен азамат С. кінәлі деп танылып, оған 7 АЕК, яғни 30 275 теңге көлемінде айыппұл салынды.
