Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы келіншектің мәйіті табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда Мәдина Авезованың туыстары қайғылы жағдайға ерлі-зайыптының арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін деп отыр.
Айтуларынша, марқұмның 23 жастағы күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ. Дәл оқиға болатын күні жалданып жұмыс істеп, азын-аулақ ақша тауып келген. "Сол ақшасына 'барни' тәттісін алыпты. Мәдина біреуін ұлына беріп, біреуін өзі жеген. Күйеуі артынан барып, ұрған", - дейді марқұм келіншектің құрбысы Нұрила Арыстанбек.
Мәдинаның анасы ғана бар, не бауыр, не әкесі жоқ. Заңды некеде емес, дін жолымен некесі қиылып, отбасы құрғанына 2 жыл болған. 8 айлық ұлы бар.
"Қызымның денесінде сау-тамтық жоқ. Ол өзіне қол жұмсаған жоқ, оны өлтіріп, асып қойды", - дейді келіншектің анасы Шахло Матякупова.
Туыстарының айтуынша, күйеу баланың туыстары қоқан-лоққы көрсетіп, жанжал тудырған. Қазір марқұм қыздың анасына адвокат керек.
Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. "Суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері барлық тараптың уәждерін тексеріп, қолда бар мәліметтерді зерделейді. Тергеу үшін маңызы бар әрбір фактіге құқықтық баға беріледі", - дейді полиция.
