Жамбыл облысында үнемделген қаражат есебінен 14 каналды бетондау жобасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ирригация желілерін реконструкциялау жобасы аясында үнемделген қаражат есебінен Жамбыл облысындағы 14 каналды бетондау жұмыстары жүргізілуде. Бұл каналдардың жалпы ұзындығы 85,5 шақырымды құрайды.

Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 80 шақырым болатын "Сәмбет", "Байзақ", "Жамбыл", "Қуат", "Қуат оң жағалауы", "Қуат сол жағалауы", "Исмаил", "Бошақай", "Бошақай-1", "Бошақай-2", "Саза", "Саза төменгі" және "Айтақ" каналдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Вице-министр Жандос Сәлімовтің айтуынша, 2019-2025 жылдары 46 жоба аяқталған. Осы жобалар аясында жалпы ұзындығы 532 шақырым болатын каналдарды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Биыл қолданыстағы тағы бес жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жалпы ұзындығы 85,3 шақырым болатын 17 канал бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленді. 5 канал бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңына дейін бастау жоспарланып отыр.