Қазақстандық дзюдошы Жалғас Қайролла Абу-Дабиде өткен Grand Slam сериясының турнирінде бесінші орын алды. 81 кг салмақ дәрежесінде қола медаль үшін күресте ол словениялық Игорь Цурканға жол берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайролла турнирді бразилиялық Габриэль Фалкаоны жеңумен бастады, содан кейін украиналық Владислав Колобовты ұтты.
Ширек финалда қазақстандық Молдовадан келген Петру Пеливанмен кездесіп, жеңіліс тапты, сол себепті ол жұбаныш торы арқылы өнер көрсетуді жалғастырды.
Онда Қайролла қырғызстандық Чыңғызхан Сағыналиевті жеңіп, үшінші орын үшін күресу құқығына ие болды. Медальдық кездесуде Цуркан басым түсті. Осылайша, қазақстандық жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Екі жарыс күнінен кейін Абу-Дабидегі Grand Slam-да Қазақстанның жалғыз медалін Талғат Орынбасар жеңіп алды. 60 кг салмақ дәрежесінде ол қазақстандық кездесуде олимпиада чемпионы Елдос Сметовті жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Сметов соңында бесінші орынға тұрақтады, Гусман Қырғызбаев 66 кг салмақта жетінші болды.
Дзюдодан Grand Slam сериясының турнирі Абу-Дабиде (БАӘ) 29-31 қазан аралығында 59 елден 374 спортшының қатысуымен өтеді. Барлығы 14 медаль комплектісі (ерлер мен әйелдер арасында жетіден) сарапқа салынады. Қазақстан құрамасын жеті спортшы қорғайды.
