Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жәрдемақы берудің жаңа тәртібі бойынша жеке деректерді жинауға келісім берілмесе не болатынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет қаулысына сәйкес, келесі жылдан бастап 14 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының кәмелетке толған мүшелері және төлем алуға үміткер азаматтар өздерінің дербес деректерін жинауға және тексеруге келісім беруге тиіс.
«Заңда нақты норма бар. Келісім берілмеген жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылады. Ол адам не себепті келісім бермей отырғанын анықтау үшін сөйлесіп, себебін білеміз», – деді Ертаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, үкімет мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау, уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттарын бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен отбасының әл-ауқат деңгейі бағаланады.
