Үкімет мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау, уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттарын бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен отбасының әл-ауқат деңгейі бағаланады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәрдемақы төлеу қандай жағдайда уақытша тоқтатылады?
Үкімет қаулысына сәйкес, 10 түрлі мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттары белгіленген. Олардың қатарында бала тууына байланысты жәрдемақы, бала күтімі бойынша төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылу және мүгедектік бойынша төлемдер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін жәрдемақы бар.
Жәрдемақы төлеу мынадай жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін:
- 01алушының банктік шотында үш ай немесе одан да ұзақ уақыт бойы шығыс операцияларының болмауы;
- 02алушының Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
- 03алушының сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі;
- 04алушының стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тұрып, толық мемлекеттік қамсыздандыруда болуы;
- 05алушының хабарсыз кеткенін растайтын құжаттың немесе оны хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы;
- 06шетелдік азаматтың жеке басын куәландыратын құжатының немесе қандас куәлігінің қолданылу мерзімінің аяқталуы;
- 07алушының қайтыс болғанын растайтын құжаттың болуы.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға қатысты да арнайы талаптар бар. Егер отбасындағы балалардың бірі 18 жасқа толса, төлемді тағайындау шарттары қайта қаралады. Егер бала колледжде немесе жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алса, заңда белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу жалғасуы мүмкін. Оқу тоқтатылған жағдайда төлемге құқық қайта қаралады. Сондай-ақ ата-ана баланы тәрбиелеу құқығынан айырылған жағдайда жәрдемақы төлеу тәртібі заң талаптарына сәйкес өзгеруі мүмкін.
Бала күтіміне арналған жәрдемақы қандай жағдайда тоқтатылады?
Ережеде бала күтіміне байланысты жәрдемақыны толық тоқтатудың да негіздері көрсетілген. Олар:
- 01баланың қайтыс болуы;
- 02баланың толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынуы;
- 03өтініш берушінің жалған немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынуы;
- 04алушының Қазақстан азаматтығынан айырылуы немесе азаматтығының тоқтатылуы;
- 05ата-аналардың ата-ана құқықтарынан айырылуы немесе олардың құқықтарының шектелуі;
- 06бала асырап алу туралы шешімнің жарамсыз деп танылуы немесе күшінің жойылуы;
- 07қорғаншының өз міндеттерін атқарудан босатылуы немесе шеттетілуі.
Мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға және көпбалалы аналарға берілетін төлемдерге қатысты да заңда белгіленген тоқтату негіздері қолданылады. Ал мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаға төленетін жәрдемақы мүгедектік тобы өзгергенде немесе мүгедектігі бар адамның өзі тиісті өтініш берген жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Әлеуметтік жағдай қалай бағаланады?
Отбасының немесе азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты бес деңгей бойынша бағаланады:
- 01А тобы – жоғары деңгей;
- 02В тобы – ауқатты деңгей;
- 03С тобы – қанағаттанарлық деңгей;
- 04D тобы – экономикалық осал деңгей;
- 05Е тобы – экономикалық және әлеуметтік осал деңгей.
Отбасының әлеуметтік жағдайы Отбасының цифрлық картасы негізінде бағаланады. Ережеге сәйкес, А және В топтарына жатқызылған азаматтардың жәрдемақы алу құқығы шектелуі мүмкін. Бұған дейін төлем алып келген отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарса, жәрдемақы уақытша тоқтатылуы ықтимал. Отбасының әл-ауқаты ай сайын қайта бағаланады. Егер азаматтың әлеуметтік жағдайы өзгеріп, ол С, D немесе Е топтарының біріне жатқызылса, заңда көзделген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу қайта басталуы мүмкін.
Азаматтардың дербес деректері жиналады
Үкімет қаулысына сәйкес, жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының кәмелетке толған мүшелері және төлем алуға үміткер азаматтар өздерінің дербес деректерін жинауға және тексеруге келісім беруге тиіс. Тексеру барысында банктік құпияға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтер, сондай-ақ кредиттік бюродан алынатын ақпарат пайдаланылуы мүмкін. Оған кредит бойынша берешек сомасы, ай сайынғы төлем мөлшері, мерзімі өткен берешек және қалған қарыз туралы деректер кіреді. Бұл мәліметтер отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау үшін қолданылады.
Кімдердің әлеуметтік жағдайы тексерілмейді?
Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесі жәрдемақылардың кейбір түрлеріне қолданылмайды. Олардың қатарына:
- 01жасына байланысты зейнетақы алатын наградталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
- 02мүгедектігі бар балаларға және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- 03ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға тағайындалатын асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
- 04жасына байланысты зейнетақы алатын азаматтарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- 05арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы жатады.
Үкімет қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
