Қазақстанда келер жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай тағайындалады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол үшін табыс пен мүлікті есептеудің нақты жүйесі бар. Соның негізінде жәрдемақының 14 түрі берілетін болады. Sputnik Қазақстан жәрдемақы беру тәртібіне енгізілген негізгі өзгерістерді ұсынады.
Бағалау жүйесінің ерекшелігі
Қазіргі кезде мемлекеттік базада әрбір адам мен отбасыға қатысты біраз мәлімет бар. Соның ішінде табыстың көлемі, жұмыстың бар-жоғы, мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы, кредиттердің саны және тағысын тағы. Цифрлық жүйе осы ақпаратты талдап, отбасының жағдайын анықтайды.
Бұдан бөлек, отбасының әлеуметтік тұрақтылығы да ескерілетін болады. Атап айтқанда, отбасының құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы есепке алынады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, асыраудағы адамдардың саны неғұрлым көп болса, отбасының әлеуметтік тұрақтылығы соғұрлым төмен болады.
"Осылайша, табыстың бірдей болуы әл-ауқат деңгейінің бірдей екенін білдірмейді. Әлеуметтік жүктемесі жоғары отбасыларға тиісті баға беріледі. Жәрдемақы алушының өзі емес, үй шаруашылығы бағаланады", - дейді Ертаев Астанада өткен брифингте.
Бір мекенжай бойынша тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдар есепке алынады. Олардың табысы мен мүлкі ескерілетін болады.
"Жалғыз тұратын ата-аналар белгіленген тәртіпке сәйкес, бөлек тұрған жағдайда да балаларының отбасы құрамына енгізіледі. Бұл ауқатты отбасылардың мемлекеттік төлемдер алу үшін жасанды түрде бөлінуіне жол бермеу үшін қажет", - деп атап көрсетті министр.
"A" тобына кімдер кіреді
Жаңа жүйеге сәйкес, жәрдемақы мұқтаждық бұрынғыдай әлеуметтік санат бойынша емес, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы - "A", "B", "C", "D" мен "E" тобына қарай анықталады.
Ондай жанұяның жағдайына қатысты нақты көрсеткіштер де бар: бір адамға шаққанда айлық кіріс 356 мың теңгеден жоғары; жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі; коммерциялық жылжымайтын мүлік; ірі бизнес; люкс санатындағы автокөлік; ірі жер учаскелері мен ауыл шаруашылығы активтері.
Ал люкс санатындағы автокөліктерге 11 марка енгізіліп отыр. Олар - Ferrari, Rolls-Royce, Lamborghini, Bentley, Porsche, Maybach, Maserati, Aston Martin, McLaren, Lotus, Rivian.
Министрліктің есебіне сәйкес, бүгінде "A" тобына 329 мың немесе 5% үй шаруашылықтары кіреді. Олардың ішінде Forbes тізімінен енген адамдар да бар.
"B" тобының өкілдері
Бұл санатқа кірген отбасылар да экономикалық тұрғыда тұрақты әрі өзін асырай алатындар болып саналады. Негізгі көрсеткіштер: отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс 305-356 мың теңге; бірнеше жылжымайтын мүлік; премиум санаттағы автомобиль (Mercedes-Benz, BMW, Audi, Lexus және Genesis, Toyota Land Cruiser); орта бизнес пен коммерциялық көлік; ауыл шаруашылығы техникасы; жер учаскелері мен мал басы.
Бүгінде бұл топқа жеке және квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері, жоғары жалақы алатын мамандар, кәсіпкерлер мен үлкен активтердің иелері бар. Ондай отбасылардың жалпы саны 1 миллион 50 мыңды немесе 15 проценті құрайды.
Ауқаттылар жәрдемақы алмайды
2027 жылдан бастап "A" мен "B" тобына кіретін отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалмайды. Дегенмен, әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жекелеген әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Олар: мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы; I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың төлемдері; жетімдердің жәрдемақысы; жасына байланысты зейнетақы алатындар; көпбалалы аналардың жәрдемақысы. Отбасы "А" немесе "В" санатына жатса да, бұл төлемдер сақталады.
"C" тобының жағдайы қалай
Осы санатқа әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар кіреді. Бағалау белгілері: отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс көлемі 203-305 мың теңге; отбасының екі немесе одан да көп мүшесінің жұмыспен қамтылуы; жеке тұрғын үй мен автокөліктің болуы; жеке кәсіпкерлік немесе шағын бизнес. Мұндай отбасылар негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады.
