Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің түнгі әуе шабуылдарынан кейін Батыс елдерінен Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін кідіріссіз жеткізуді сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Барлық серіктес кімнің және қалай көмектесе алатынын біледі», – деп жазды Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бейсенбі күні Ресей әскері Украинаның бірнеше облысындағы әскери аэродромдар мен кәсіпорындарға шабуыл жасады. Соққы Киев пен Львовтағы, сондай-ақ Ивано-Франковск, Житомир, Ровно, Винница және Днепропетровск облыстарындағы нысандарға бағытталған.
Шабуыл кезінде нысанаға алынғандардың қатарында «Южный» портындағы бір құрғақ жүк кемесі және Одесса маңындағы тағы екі кеме болған. Ресей тарапының мәліметінше, олар қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу үшін пайдаланылған.
Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл барысында ұзақ қашықтыққа арналған қару түрлері мен соққы беретін дрондар қолданылғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Украина қарулы күштері Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы маңында екі танкерге шабуыл жасағаны хабарланған болатын.
