Қазақстанда зейнетақы жинағын толығымен жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыратын салымшылардың саны бір ай ішінде екі есе өсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді. Биыл 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының 100%-ын жеке басқарушы компанияларға аударуға мүмкіндік берілді. Бұл жағдайда жинақты мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шегі ескерілмейді.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұған дейін жеке басқарушы компанияларға берілген зейнетақы активтерінің көлемі ұзақ уақыт бойы 70-80 млрд теңге деңгейінде болған. Қазір бұл көрсеткіш 200 млрд теңгеге жетті.
«7 қыркүйектен бастап жинақтарды толық аударуға рұқсат берілгеннен кейін шамамен 100 млрд теңге аударылды», - деді Әлия Молдабекова Астанада өткен брифингте.
Зейнетақы жинағы қалай басқарылады?
Жеке басқарушы компаниялар сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін Қазақстанның және шетелдің қаржы нарықтарына инвестициялай алады. Атап айтқанда, қаражатты бағалы қағаздарға және басқа да рұқсат етілген қаржы құралдарына орналастыруға болады.
Инвестициядан түсетін кіріс бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан, қаржы құралдарының нарықтық және валюталық бағамының өзгеруінен, сондай-ақ сыртқы басқарудағы активтерден түсуі мүмкін. Дегенмен инвестициялық кіріске кепілдік берілмейді: нарықтағы жағдайға байланысты активтердің құны өсіп те, төмендеп те отыруы ықтимал. Сондықтан жинақты басқарушы компанияны таңдағанда оның инвестициялық стратегиясын, тәуекел деңгейін және бұрынғы нәтижелерін ескерген жөн.
