Әлеуметтік желі мен БАҚ-та 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинағы бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастауға қатысты норма кеңінен талқыланып жатыр. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мемлекеттік кепілдік институты азаматтардың өз зейнетақы жинағын инвестициялау стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілгенін атап өтті. "Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алған болатын", - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі таңда салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтады. Министрліктің мәліметінше, басқарушыны өз қалауымен таңдаған салымшы күтілетін табыстылықты, тәуекелдерді және активтерді басқару шарттарын өзі бағалап, инвестициялық шешімді дербес қабылдайды.

Мұндай жағдайда салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдердің нәтижесі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейді. "Сонымен қатар мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатында берілетінін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін ескерген жөн. Сондықтан аталған кепілдіктің сақталуы зейнетақымен қамсыздандырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылмайды", - деп түсіндірді мамандар.

Сонымен бірге ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинағының сақталуына қатысты жауапкершіліктен бас тартатынын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болады.