2026 жылдың тоғыз айында қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 490 млрд теңгені мерзімінен бұрын алған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев үкіметтің бүгінгі отырысында айтты. Оның ішінде 404 млрд теңгеге жуық қаражат биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі көтерілгенге дейін шығарылған.

«Жыл басынан бері зейнетақы қорының активтері 6,1%-ға артып, 26,6 трлн теңгеге жетті. Зейнетақы жарнасының көлемі 2,2 трлн теңгені құрады. Ал тоғыз айдағы инвестициялық кіріс 766,3 млрд теңгеге жетті», – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетері, биыл маусым айында зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі көтерілді. Сондай-ақ зейнетақы жинағы есебінен ипотекалық қарызды өтеу тәртібі өзгерді.