Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев президентке ведомствоның 2025 жылы және биылғы бес айда атқарған жұмысы туралы есеп берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге жұмсалған. Биылғы бес айда бұл көрсеткіш 2,7 триллион теңгені құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып жатыр.
Биыл 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекке тартылған. Жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеуге арналған цифрлық талдау тетігін енгізу жоспарланып отыр. Ел көлемінде 201 мыңға жуық азамат, соның ішінде 74,9 мың жас жұмыспен қамтылды.
Ертаев биыл лайықты жалақы төлеп, әлеуметтік аударымдарды үзбейтін әрі еңбек қауіпсіздігін сақтайтын тұрақты және орнықты жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға дейін жеткізу міндеті қойылғанын айтты. Электронды форматта 6,7 миллион еңбек шарты жасалған. Мекемелердің 118 мыңнан аса жұмыскері міндетті сақтандыру шартымен қамтылды. Еңбек инспекторларының көмегімен 22 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалды.
Мемлекет басшысы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырып, еліміздің аймақтарында 7 жаңа оңалту орталығын ашу міндетін қойды. Сондай-ақ саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамының құқығын қорғау, мұқтаж жандарға көмек көрсету және әлеуметтік масылдықпен күрес жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.
