Төтенше жағдайлар министрлігі Зайсан көлінде хабар-ошарсыз кеткен екі ер адамды іздестіру жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, 22 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінде 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған.
ТЖМ күштері мен құралдарымен үздіксіз іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар өз қайықтарымен қатысқан.
"Іздестіру жұмыстарының алғашқы күнінде жағалаудан 3-4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылды. 29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін тапты. 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты", - деп жазылған хабарламада.
Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізіп, жағалау сызығы мен көлдің акваториясын, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, тексерді.
Іздестіру жұмыстары ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен су бетіндегі толқынға, сондай-ақ тексерілетін акватория аумағының үлкен болуына байланысты қиындады. Бұл сүңгуірлердің жұмысына және судағы іздестіру топтарының қозғалысына айтарлықтай кедергі келтірді, дейді құтқарушылар.
Еске салайық, 17 қыркүйекте балық аулауға шыққан үш ер адамның қайығы аударылып, олар суға кеткені жөнінде хабар тарады. Үшеудің өз күшімен жүзіп, аман қалған. 1968 және 1995 жылы туған екі балықшының мәйіті бір күннен кейін табылды.
