Юта штатының оңтүстігінде демалыс күндері болған су тасқыны бес адамның өмірін қиды. Құрбандардың арасында өрт сөндіру капитаны Спенсер Лонг, оның әйелі және үш ұлы бар. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Уэйн округінің шериф кеңсесінің мәлімдемесінше, отбасы саяхат кезінде қатты жаңбырдан болған су тасқынына ұшыраған. Алдын ала ақпарат бойынша, олар жұма күні Бикнелл маңындағы лагерьге күндізгі сапарға келген. Жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00 шамасында (23:00 GMT) лагерьден бір жас ер адамның мәйіті табылды. Кейін тағы екі ер адамның мәйіті анықталды. Сенбі күні іздеу жұмыстары жалғасып, қалған екі адамның да мәйіті табылды.

Құрбандардың есімдерін Проуво өрт сөндіру қызметі растады. Олардың мәлімдемесінде: «Капитан Спенсер Лонг пен оның отбасының қазасы бізді қатты қайғыртты. Оның отбасына, достарына және әріптестеріне қайғылы сәтте көңіл айтамыз», – делінген.

GoFundMe парақшасында Лонгтың әйелі Катрина мен үш ұлы – Рейд, Тейн және Гейдж су тасқынынан қаза тапқаны айтылған. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың қызының «өмірі бір сәтте мәңгіге өзгергені» жазылған. Қыз сапарға қатыспағандықтан аман қалған.