Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының алтын медалінен айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол 42,195 шақырымдық спорттық жүрісті 3 сағат 22 минут 20 секундта аяқтап, мәреге бірінші болып жеткен болатын.

Алайда кейін спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл нәтиженің жойылғанын хабарлады.

"Бүгін мені мың бөлікке бөлгендей болды... Мен үшін күрескен суперқаһармандарыма рақмет! Жеке жаттықтырушымнан бастап, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының бүкіл құрамына, спорт министріне алғыс айтамын", – деп жазды спортшы.

Жеңіл атлет болған жағдайдың өзіне ауыр эмоционалдық соққы болғанын айтып, сезімін көрсеткені үшін кешірім сұрады.

Айта кетері, қазақстандық спортшының жарыстан шеттетілуіне бәсекелестерінің жарыс аяқталғаннан кейін берген наразылығы себеп болған. Олар Ясминаның жарыста киген ASICS кроссовкасы World Athletics халықаралық федерациясы бекіткен талаптарға сәйкес келмейді деп шағымданған.