Украинаның әуе дабылы қосымшасы жексенбі күні хакерлік шабуылға ұшырап, қысқа уақыт ішінде астана Киевке радиациялық қауіп төнгені туралы жалған хабарлама таратты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Украина Әуе күштерінің Telegram арнасында жарияланған хабарламада: «Air Alarm қосымшасы дұшпандық араласуға ұшыраған болуы мүмкін. Радиациялық қауіп жоқ! Сабыр сақтаңыздар және біздің арнадағы жаңартуларды қадағалаңыздар», — делінген.

Украинаның Орталық барлау басқармасы Telegram арқылы қосымшада ақаулық орын алғанын хабарлап, азаматтарды әуе шабуылдары қаупіне қатысты ахуалды нақтылау үшін басқа ақпарат көздерін пайдалануға шақырды.

Украин тіліндегі хабарламалар шамамен 22:47-де (20:47 GMT) басталды. Біріншісінде: «Радиациялық қауіп. Киевте радиациялық қауіп жарияланды», — деп жазылған.

Келесі дабыл 22:48-де орыс тілінде келіп, онда: «Сәлем! Бүкіл Украинада ядролық дабыл болады. Алаңдамаңыздар, бұл Орешник ұшып келе жатыр», — делінген.

Үшінші дабыл 22:49-де тағы да украин тілінде: «Химиялық қауіп. Киевке химиялық шабуыл қаупі төніп тұр. Сыртқа шықпаңыздар», — деп ескертті.

22:49-де төртінші дабыл «Көше шайқасы қаупі. Киевте көше шайқасы жүріп жатыр. Сыртқа шықпаңыздар» деген хабарлама таратты.

Содан кейін пайдаланушылардың телефондарына әрбір алдыңғы дабылға қатысты «қауіп жойылды» деген хабарламалар жеке-жеке жіберілді.

Жеке жазбада Украинаның Орталық барлау басқармасы Air Alert қосымшасына байланысты Львов облысындағы дауыс зорайтқыш құрылғылардан «Радиациялық қауіп» сигналы берілгенін, алайда радиациялық қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомство халыққа смартфондардағы хабарламаларды қосуға, сиреналарға назар аударуға және тек ресми дереккөздерді оқуға кеңес берді.

Винница облысының әкімі Наталья Заболотная Air Alert қосымшасына кибершабуыл жасалғанын айтып, Telegram арқылы хабарламадағы сілтемеге баспау туралы ескерту жариялады.

Air Alert қосымшасын Украинаның Цифрлық трансформация министрлігі қолдайды. Ол пайдаланушыларды қорғаныс дабылдарының басталуы мен аяқталуы туралы дереу хабардар етеді.