Украинада Starlink спутниктік байланыс жүйесі мен оның әскери мақсаттағы Starshield нұсқасы сағатына 161 шақырымнан жоғары жылдамдықта қайта жұмыс істей бастаған. Бұл туралы украиналық «Новости.Live» порталы Украина Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады РИА Новости. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«24 қазан таңғы уақыттағы мәлімет бойынша, қорғаныс күштері (Украина Қарулы күштері) сағатына 161 шақырымнан жоғары жылдамдықпен қозғалу кезінде байланыс жүйесінің іске қосылғанын тіркеді», – делінген басылымның Telegram-арнасында жарияланған хабарламасында.
Сонымен қатар Украина әскері жүйенің бұдан да жоғары жылдамдықтағы жұмысын сынауды жалғастырып жатыр. Алайда басылымның хабарлауынша, қолданыстағы шектеулердің толық алынып тасталғаны туралы әзірге сөз жоқ.
Бұған дейін The Wall Street Journal газеті аты-жөні жарияланбаған америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамп кәсіпкер Илон Масктан Украинадағы Starlink әскери байланыс жүйесіне енгізілген шектеулерді алып тастауды сұрағанын жазған еді. Алайда Владимир Зеленскийдің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин шектеулердің әлі де күшінде екенін мәлімдеген.
19 қазанда Зеленский Starlink терминалдарының жұмысына шектеулер қойылғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, майданның әртүрлі учаскелерінде көлік сағатына 130-161 шақырым жылдамдықпен қозғалған кезде байланыс үзіліп отырған.
