Украина 2022 жылдың ақпанынан бері шетелден шамамен 212 миллиард доллар көлемінде қаржы алған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Украина Қаржы министрлігі жариялаған құжатта «Сыртқы бюджеттік қаржыландыру... 2022 жылдың ақпанынан бері барлығы 211,967 миллиард долларды құрады» делінген. Оның басым бөлігі несие түрінде берілген.
Нақтырақ айтқанда, аталған соманың басым бөлігі – 150,269 миллиард доллар несие түрінде түскен. Ал қалған 61,698 миллиард доллар Украинаға грант ретінде, яғни қайтарымсыз негізде берілген.
Украина Қаржы министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, елдің мемлекеттік қарызы 212,6 миллиард долларға жеткен.
Украина бюджеттегі жетіспейтін ақшаны шетелден келетін көмек арқылы толтыруға тырысып жатыр. Алайда Батыс елдері жаңа көмек бөлу мәселесін ұзақ талқылайды. Сонымен бірге олар Украинаға өз қаражатын табу және елдің ішкі кірісін арттыру қажет екенін жиі айтып келеді.
