АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мәскеу мен Киевтегі америкалық өкілдер арасындағы байланыстардан кейін алдағы апталарда Украина бойынша үшжақты келіссөздерді қайта бастаудың жол картасын әзірлеу мүмкіндігі туындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"Мен тым оптимистік те, сонымен бірге пессимистік те көзқараста болғым келмейді. Дегенмен, алдағы апталарда келіссөздерді қайта бастаудың жол картасын әзірлеуге және бәлкім, екі тарапқа да қолайлы шешімге қол жеткізуге мүмкіндік бар", — деді Рубио Колумбияда журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, АҚШ өкілдері Стив Виткофф пен Джаред Кушнердің демалыс күндері Мәскеу мен Киевте өткізген кездесулері "АҚШ әрқашан делдал ретінде қатысуға дайын болған келіссөздерді қайта бастау жолына" негіз қалауы мүмкін.

5 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Кремльде АҚШ басшысының арнайы өкілі Стив Виткоффпен және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнермен кездесті. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың журналистерге хабарлауынша, кездесу барысында Ресей басшысы Украинадағы қақтығыстың түпкі себептерін шешу қажеттігін атап өтті.

Келесі күні АҚШ өкілдері Польшадан пойызбен Киевке келді. Украиналық БАҚ келіссөздердің бірнеше кезеңнен тұрғанын және оларға белгілі бір кезеңде Ұлыбритания, Франция мен Германия өкілдерінің де қосылғанын хабарлады.