Украина агенттері FPV-дрондарды Ресей аумағына тұрмыстық техника тиелген көліктермен жеткізген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ФҚҚ мәліметінше, Украина арнайы қызметтері Амур облысындағы "Украинка" және Челябі облысындағы "Шагол" әскери әуеайлақтарына FPV-дрондар арқылы ауқымды шабуыл жасауды жоспарлаған. Ведомствоның хабарлауынша, шабуылға дайындық алдын ала алынған жедел ақпараттың арқасында тоқтатылған.

Сондай-ақ ФҚҚ FPV-дрондардың Брян облысына ұшқышсыз аппараттар мен аэростаттардың көмегімен жеткізілгенін мәлімдеді. "Кейін қарсы тараптың агенттері құралдарды тұрмыстық техника тиелген жеңіл көліктер арқылы Ресейдің ішкі аумақтарына, нақтырақ айтқанда Амур облысындағы 'Украинка' және Челябі облысындағы 'Шагол' әуеайлақтарына жеткізген. Жалға алынған гараждарда оларды құрастырып, қолдануға дайындаған", – делінген ФСБ хабарламасында.