АҚШ президенті Дональд Трамп Financial Times газетіне берген сұхбатында арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің алдағы күндері Украинаға алғаш рет баратынын растады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін америкалық журналист Лора Лумер Уиткофф пен Кушнердің алдағы апталарда Киевке баратынын мәлімдеген болатын. Трамп Financial Times газетіне өзінің басты назарын Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға аударып отырғанын айтты.

Сонымен қатар, оның екі арнайы өкілі – Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф алдағы күндері алғаш рет Украинаға баратынын мәлімдеді, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ Трамп АҚШ-тың Киевке Patriot зениттік зымырандарын өндіруге лицензия беру мәселесі бойынша нақты шешім қабылдамағанын айтты. Ол Вашингтонның бұл мәселені "қарастырып жатқанын" атап өтті.

"Бұл (Patriot жүйесі – Sputnik) өте ерекше қару, сондықтан... лицензияны кімге беретінімізге біршама сақтықпен қарауымыз керек. Жалпы, біз мұндай техникаға лицензияны оңды-солды бере бермейміз", – деп газет Трамптың сөзінен үзінді келтірді.

Бұл мәлімдеме Ақ үйдегі кездесуден кейін небәрі екі күн өткен соң жасалды. Сол кездесудің қорытындысы бойынша Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ президенті Киевке технологияларды беруге келісім бергенін мәлімдеген еді.