АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ослода Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинге келіссөз барысында әзірленген ұсыныстарды жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Axios порталының журналисі Барак Равид мәлімдеді.

«Ослодан кейін Уиткофф Ресейге баруды жоспарлап отыр. Ол президент Путинмен кездесіп, Украина және еуропалық серіктестермен тығыз кеңесе отырып әзірленген ұсыныстарды таныстырмақ», – деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.

Равидтің мәліметінше, Уиткофф бүгін Ослода Зеленскиймен кездеседі.

Келіссөздерге Еуропалық одақ, НАТО, Е4 елдерінің өкілдері және Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере де қатысады.

Ал АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер сырқатына байланысты жиынға онлайн қатысады.

Өткен аптаның басында Axios америкалық өкілдердің Ресейге сапарын Киевпен және Еуропа елдерімен Украинаның жаңа бейбіт келісім нұсқасын келісу үшін кейінге қалдырғанын хабарлаған еді.

The New York Times басылымының болжамынша, сапар Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасындағы қарым-қатынас жақсарғанға дейін кейінге шегерілген.