Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» турнирінде ресейлік Wilders командасы фиджитал-баскетболдан чемпион атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Финалда Wilders өз отандастары Liga Pro Team командасын жеңді. Цифрлық кезең 19:16 есебімен аяқталса, дәстүрлі ойыннан кейін қорытынды есеп 36:26 болды.
«Біз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Сондай-ақ "Liga Pro Team" жігіттеріне алғыс айтамын. Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз», – деді Wilders ойыншысы Джошгун Әлиев.
Қола жүлдені Черногорияның Dangerous командасы иеленді. Олар ресейлік Triada командасын 39:36 есебімен жеңді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 400 мың долларды құрады. Фиджитал спорт – цифрлық және дәстүрлі спортты біріктіретін бағыт. Биылғы «Болашақ ойындары» бағдарламасына Counter-Strike 2, Dota 2, PUBG, Just Dance сияқты сегіз фиджитал дисциплина енгізілген.
