Украиналық ұшқышсыз ұшақтардың Wildberries компаниясының логистикалық орталықтарына соңғы бір айда жасаған шабуылдары салдарынан компания мен маркетплейс сатушыларының жалпы шығыны 600–800 млрд рубльге жетуі мүмкін. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап, ресейлік Forbes және Data Insight аналитигі Сергей Семконың бағалауына сүйеніп хабарлайды.

Сарапшының есебі бойынша, зақымдалған қоймалар мен басқа инфрақұрылымды қалпына келтіру Wildberries-ке 147–223 млрд рубльге түсуі мүмкін. Егер объектілерді толық демонтаждау, қалдықтарды шығару және аумақтарды рекультивациялау қажет болса, шығындар 278,9 млрд рубльге дейін өсуі мүмкін.

Маркетплейс сатушыларының шығынын Семко тағы 445–507,8 млрд рубль деп бағалайды.

Осыған ұқсас бағаларды бұған дейін Ресейдің электронды алаңдардағы саудаға арналған тауар жеткізушілер қауымдастығының басшысы Маргарита Евстигнеева да келтірген. Оның айтуынша, шабуылдардан 400 мыңнан астам Wildberries сатушысы зардап шеккен, ал олардың жиынтық шығыны жіберілген пайданы есепке алғанда 600–700 млрд рубльді құрауы мүмкін.

Ол сондай-ақ кейбір селлерлер тауар қорларының 95%-ына дейін жоғалтқанын айтады. Жойылған өнімнің өзіндік құны 200–300 млрд рубльге бағаланады.

Шілде айының ортасынан бастап украиналық ұшқышсыз ұшақтар Ресейдегі Wildberries логистикалық нысандарына тұрақты түрде шабуыл жасап келеді. DW-дің Reuters спутниктік суреттерін талдауына сілтеме жасаған мәліметі бойынша, компания қойма қуаттарының шамамен 20%-ын жоғалтқан болуы мүмкін.

Соққыларға 20-дан астам логистикалық орталық ұшырады, оның ішінде Санкт-Петербург, Тула, Электросталь, Краснодар және Невинномысск қалаларындағылар да бар. Кемінде 14 нысан өрт салдарынан жойылған деп мәлімденуде.

The Bell дереккөздері бұған дейін Wildberries-тің тікелей шығынын 100–200 млрд рубль деп бағалаған. Сонымен қатар, олардың мәліметінше, тауарларын жоғалтқан сатушылардың бір бөлігінің кетуіне байланысты компанияның айналымы шамамен төрттен бірге қысқарған.

10 тамызда Ресей Банкі банктерге ұшқышсыз ұшақтар шабуылынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпорындарды қолдауды ұсынды.

Ресей вице-премьері Александр Новак сондай-ақ Экономикалық даму министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Федералдық салық қызметіне Орталық банкпен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Wildberries нысандарына жасалған соққылардан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау шараларын дайындауды тапсырды.

Семконың пікірінше, билікке сатушылар мен маркетплейстің өзін бірдей қанағаттандыратын механизмді тез әзірлеу қиын болады. Оның бағалауы бойынша, Wildberries Ресейдің онлайн-сауда нарығының шамамен 45%-ын алады.

«Нақты мәселе күрделірек: үкімет селлерлердің шығынын өтеуге қатысуға дайын ба және ол осы адамдардың бизнесі жеткілікті қорғаныссыз қалғаны үшін өз жауапкершілігінің үлесін мойындай ма», — деді Семко.