Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Wildberries қоймаларындағы өртке байланысты қазақстандық кәсіпкерлерге өтемақы төлеу мәселесін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Ресейде дрондар шабуылынан кейін Wildberries-тің бірнеше ірі қоймасы өртеніп кеткен.

Министрдің айтуынша, көрші елдегі жағдайға байланысты Қазақстанда ешқандай сақтандыру немесе басқа да төлемдер қарастырылмаған.

"Бұл мәселе басқа мемлекетте болғасын, бізде заңнамалық тұрғыда ешқандай құралдар немесе ережелер жоқ. Екіншіден, бәріміз қазіргі жағдайды жақсы білеміз ғой, ахуал өте күрделі. Сондықтан Ресейде сақтандыру қажет, я болмаса, басқа қоймаларды пайдалану керек", - деді Шаққалиев үкіметтегі брифингте.

Бүгінде министрлікке қазақстандық кәсіпкерлерден арыз түскен жоқ.

"Бұл - жеке жауапкершілік. Wildberries пен кәсіпкер арасындағы келісімшартта барлық талап жазылған", - деді министр.