Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жұмысы үшін Alem GovWorkspace атты жаңа, қорғалған мессенджер жасалып жатыр. Бұл жоба шенеуніктердің қашықтан жұмыс істеуіне арналған кешенді технологиялық шешім болады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның сауалына премьер-министр Олжас Бектенов жауап берген кезде белгілі болды. Бұған дейін депутат азаматтарды «заңға бағынатын» платформалар мен мессенджерлерді қолдануға ынталандыру тетіктерін әзірлеуді ұсынған еді.

Үкімет басшысының айтуынша, қазірдің өзінде отандық Aitu қосымшасы ұлттық мессенджер ретінде бекітілген. Цифрлық штаб оны мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында қызметтік коммуникация үшін пайдалануға кеңес берген.

««Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қорғалған цифрлық жұмыс ортасын қалыптастыру үшін отандық Alem GovWorkspace кешенді технологиялық шешімі әзірленіп жатыр. Ол мемлекеттік қызметшілердің қорғалған қашықтағы жұмыс орындарын ұйымдастыруға, соның ішінде топтық чаттар, аудио және бейнеқоңыраулар функциясы бар мессенджермен алмасуға арналған», – деп толықтырды Олжас Бектенов.»

Жаңа қосымша шенеуніктердің жұмыс ақпаратының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: Әлеуметтік желіден