Павлодар қаласында 2009 жылы туған және одан кіші жастағы жасөспірім қыздар арасындағы волейболдан ел чемпионатының II туры өтіп жатыр. Оған Шымкент қаласының «Волейбол Кидс» жеке клубының командасы да қатысып жатыр. 26 қазанда өткен ойын кезінде осы команданың жаттықтырушысы Хамит Мырзабеков ойыншылардың біреуіне қол көтерген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғаның видеосы түсіп қалды. Шымкент қаласының спорт басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Хамит Мырзабеков шамамен 6-7 ай бойы «Волейбол Кидс» жеке волейбол клубында жаттықтырушы қызметін атқарған.
«Қазіргі уақытта клуб өкілінің ресми мәліметіне сәйкес, ол аталған клубтағы қызметінен босатылды. Сонымен қатар жаттықтырушы Хамит Мырзабековтің Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында қызмет атқармайтынын хабарлаймыз. Басқарма тарапынан бұл оқиғаның мән-жайы зерделеніп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылатын болады», — делінген ресми хабарламада.
Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы Мырзабековты екі жылға барлық жарыстан шеттетуге шешім қабылдады. Осы уақыттың ішінде оған бапкерлік және педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынған. Ал чемпионатты өткізген ұйымға айыппұл салынды.
