Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Қазақстан бойынша велосапар кезінде жалғыз түнеуге қорыққан қытайлық туристі паналатты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, саяхатшы Маркакөлге бет алған. Кешкі уақытта ол Алтай ауданының Серебрянск қаласына жетіп, түнеу үшін шатыр тіккен. Алайда таныс емес орта мен кешкі уақыт оның үрейін тудырып, ол 102 нөміріне қоңырау шалуды ұйғарған.
Оқиға орнына Серебрянск полиция бөлімінің бастығы Талғат Забитов пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азамат Ғали келді. Олар жағдайды анықтап, шетелдік қонақты көшеде түнетіп қалдырмауға шешім қабылдады.
Полицейлер туристі өз үйлеріне шақырып, демалысқа жағдай жасап, ұлттық тағамдармен сыйлады. ІІМ ақпаратына сәйкес, велотурист көрсетілген көмек пен қазақстандық қонақжайлылықты жоғары бағалады.
Келесі күні саяхатшы Маркакөлге қарай жолын жалғастырды.
ІІМ бұл оқиға полиция жұмысы тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмейтінін, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесуді де қамтитынын көрсететін мысал екенін атап өтті.
Бұған дейін «Курсив» туристердің неліктен өз бетінше саяхаттауды жиі таңдайтыны туралы жазған болатын.
