Ресейдің Ленинград облысындағы VK компаниясының деректерді өңдеу орталығына (ЦОД) ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) шабуыл жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Компанияның баспасөз қызметі 18 қазанда шабуылды растап, сервистердің пайдаланушыларға әдеттегі режимде қолжетімді екенін мәлімдеді. «Ленинград облысындағы VK ЦОД-ына БПЛА шабуылы жасалды. VK сервистері пайдаланушыларға әдеттегі режимде қолжетімді», — делінген хабарламада. Зақымдану ауқымы мен ықтимал зардап шеккендер туралы мәліметтерді компания жариялаған жоқ.

«КП-Петербург» басылымының деректері бойынша, шабуыл 18 қазанға қараған түнде болған. Пайдаланушылар хабарлама жіберу және жаңалықтар лентасын қарау мүмкіндігінің болмағанына шағымданған. VK өз мәлімдемесінде бұл ақаулықтардың шабуылға қатысы бар-жоғын нақтылаған жоқ.

Сондай-ақ Санкт-Петербургтегі Ozon қоймасына шабуыл жасалғаны туралы хабарланады. Компанияда ғимаратқа өрт шыққанын айтты. Хабарлама кезінде өртті сөндіру жалғасып жатқан. Зардап шеккендер жоқ.

Қазан айында Ресейдегі бірнеше «Яндекс» деректер орталығы дрондардың соққысына ұшырады. 11 қазандағы шабуылдан кейін Владимирдегі алаң жұмысын толығымен тоқтатты. Үзілістер Қазақстандағы пайдаланушыларға да әсер етті, олар такси мен тамаққа тапсырыс беруде қиындықтарға тап болды. 13 қазанға қарай компанияның сервистері біртіндеп қалпына келе бастады.

Шілдеде дрондар Wildberries нысандарына, оның ішінде Ленинград облысындағы нысандарға шабуыл жасады. Маркетплейстің ресейлік қоймаларындағы өрттер салдарынан 100-ден астам қазақстандық кәсіпкер тауардан айырылды, деп хабарлады «Атамекен» салалық қауымдастықтың алдын ала деректеріне сілтеме жасап.

Тамызда Самара облысындағы Ozon логистикалық кешеніне шабуылдан кейін компания қойма жұмысын тоқтатты. Сатып алушылар, оның ішінде қазақстандықтар, тапсырыстардың ықтимал жойылуы және ақшаның қайтарылуы туралы ескертілді. Белсенді тапсырыстарды маркетплейс басқа қоймалардан жеткізуге уәде берді.