Қазақстандық Виктор Друзин Венгрияда өтіп жатқан юниорлар арасындағы әлем чемпионатында екінші қола медалін жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарыстың соңғы күнінде ол ерлер арасындағы жеке еркін бағдарламада үшінші орынға ие болды. Друзин өз өнері үшін 257,1 балл жинады. Алтынды ресейлік Захар Трофимов (267,0 балл) жеңіп алса, күміс жүлдені испаниялық Энеко Санчес Агилар (264,4) иеленді.

Қазақстандық спортшы осы әлем біріншілігінде екінші рет тұғырға көтерілді. 12 тамызда Друзин техникалық солода үшінші орынға ие болған еді. Сол кезде де жүлделі үштік дәл осылай анықталған: Трофимов жеңімпаз атанса, Санчес Агилар екінші орында қалды.

Друзиннің қоласы ұлттық құраманың юниорлар арасындағы әлем чемпионатындағы төртінші медалі болды. Алдыңғы күні Ясмина Исламова мен Алдияр Рамазанов аралас дуэттердің еркін бағдарламасында екінші орынға ие болды. Тағы бір күміс жүлдені Қазақстан командалық акробатикалық бағдарламада жеңіп алды.

Юниорлар (U19) арасындағы әлем чемпионаты Будапештте (Венгрия) 12-16 тамыз аралығында өтуде. Оған 35 елден 300 спортшы қатысуда. Барлығы 11 медаль жиынтығы ойнатылады. Қазақстан атынан 12 спортшы сынға түсуде.