Қазақстанда жаңа Конституция бойынша вице-президент лауазымы енгізіледі. Ата заңға сәйкес, мемлекет басшысы вице-президенттің кандидатурасын Құрылтай сессиясы басталғаннан кейін екі айдың ішінде ұсынуға міндетті. Алайда Тоқаев оны жақын арада айтамын деп отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Sputnik Қазақстанға сұхбат берген сарапшылар вице-президент лауазымына лайықты үміткерлерді атады. Бұрынғы спикерлердің бірі Құрылтай сайлауында бұрынғы мәжіліс пен сенаттың спикерлері бірде-бір партиялық тізімге енген жоқ.
Сарапшылардың пікірі
"Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтың ойынша, Қошанов та, Әшімбаев та Ақорданың кадрлық резервінде тұр. "Алдағы уақытта үкіметті жасақтайды, Халық кеңесі сияқты орган құрылады, вице-президент тағайындалады. Сол кезде екеуіне мүмкіндік берілетін шығар. Мәселен, бұрынғы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Халық кеңесінің басшылығына келуі мүмкін. Ал Мәулен Әшімбаевтың қайда баратынын айту қиын. Себебі ол вице-президент лауазымына кандидаттардың бірі ретінде бағаланып отыр. Сенаттың экс-спикері үкімет құрамына да енуі мүмкін", - дейді Чеботарев.
Сарапшының айтуынша, Әшімбаев үкіметке кірсе, вице-премьер болып тағайындалады.
Тоқаевтың уәдесі
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергенде вице-президенттің кандидатурасын 7-10 күннің ішінде жариялаймын деген. Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың ойынша, мемлекет басшысы вице-президент лауазымына үміткерді келесі аптада айтады.
"Сосын 1 немесе 2 қыркүйекте президенттің жолдауы бар ғой. Халық кеңесінің мүшелері тағайындалуы қажет. Оның құрамына бұрынғы депутаттар немесе партиялық тізіммен Құрылтайға өтпеген адамдар енеді деп ойлаймын. Себебі Халық кеңесі Құрылтайдың кейбір функцияларын өзіне алып отыр. "Халық кеңесі" деген атаудың өзін ескерсек, ол жерде Құрылтайға қарағанда халық арасында танымал адамдар көп болатын сияқты", - дейді Полетаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Халық кеңесі мен вице-президентке қатысты интрига сақталып отыр. "Вице-президент лауазымына үміткерлердің қатарында Ерлан Қошанов, Мәулен Әшімбаев, Ерлан Карин, Қанат Бозымбаев бар. Сондықтан интрига сақталып отыр", - деді Полетаев.
"Сіздер жақсы білетін адам болады"
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы кезінде вице-президент лауазымына қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, жұрттың бәрі вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. "Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын", - деді Тоқаев.
Вице-президент не істейді
Бұрын президент өз міндетін атқара алмаса, оның функциялары сенат төрағасына өтетін еді. Жаңа Конституция бойынша сенат пен мәжіліс таратылды. Ал вице-президент автоматты түрде мемлекет басшысының міндетін атқарушы болады деп белгіленген.
Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Оған партия мүшелігінде немесе басқа қызметте тұруға тыйым салынады. Қазақстанның вице-президенті мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
