Венесуэладағы жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 1 943 адамға жетті, жарақат алғандар 10 571 адамды құрады. Бұл туралы Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін БҰҰ 1 719 қаза тапқан және 5 мыңға жуық зардап шеккендер туралы хабарлаған болатын. Венесуэла билігі қаза тапқандар санының артуы мүмкін екенін ескертеді. Іздеу-құтқару жұмыстарына жалғасып жатқан афтершоктар кедергі келтіруде. Алғашқы жер сілкіністерінен кейін 5,2 балдық қайталама дүмпулерді қоса алғанда, шамамен 500 қайталама жер сілкінісі тіркелді.

Іздеу операцияларына 27 елден 2 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылды. Хабар-ошарсыз кеткендердің нақты саны әзірге айтылмайды, алайда билік ондаған мың адам туралы сөз болуы мүмкін екенін хабарлайды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, стихия 2,5 мыңға жуық ғимаратты қиратты немесе зақымдады, ал 12 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

БҰҰ жер сілкіністерінен келтірілген экономикалық шығынды 6,7 млрд долларға бағалады, бұл Венесуэла ЖІӨ-нің шамамен 6%-ына тең.

Қайғылы оқиғадан алты күн өткеніне қарамастан, құтқару операциялары жалғасуда. 1 шілдеде таңертең Иорданиядан келген құтқарушылар үйінділер астынан тірідей Клибер Моран есімді баланы алып шықты. Ол жер сілкіністерінен кейінгі алтыншы күні табылған жалғыз аман қалған адам болды.

Бұған дейін «Курсив» Венесуэлада 7,2 және 7,5 балдық екі күшті жер сілкінісі болғанын жазған болатын. Елде төтенше жағдай жарияланды.

Сондай-ақ, жер сілкінісінен кейін Венесуэлаға АҚШ, Панама, Катар, Куба, Никарагуа, Түркия, Иордания, Колумбия, Барбадос, Ұлыбритания, Бразилия және Мексика қолдау білдіргені хабарланды. Олар елге гуманитарлық жүктерді, сондай-ақ жергілікті қызметтерге үйінділер астынан адамдарды іздеуге көмектесетін мамандандырылған іздеу-құтқару топтарын жіберді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэла Президенті Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады.