Венесуэладағы екі қуатты жер сілкінісінен кем дегенде 188 адам қаза тауып, 1500-ден астам адам жарақат алды. Құтқарушылар астана Каракас пен жақын маңдағы Ла-Гуайра қаласындағы үйінділер астынан тірі қалғандарды іздеуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ Геологиялық Қызметінің (USGS) мәліметінше, алғашқы 7,2 балдық жер сілкінісінен кейін бірнеше секунд өткен соң одан да күшті 7,5 балдық дүмпу болды. Екі сілкініс те жер бетіне жақын жерде болғандықтан, қирау ауқымы күштірек болды.

Жер сілкіністері сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 18:04-те (Гринвич бойынша 22:04) болды. Бұл Венесуэладағы ұлттық мереке күніне сәйкес келді, сондықтан әдеттегі жұмыс күніне қарағанда көбірек адам үйде болды.

Венесуэла Ұлттық Ассамблеясының президенті Хорхе Родригес бейсенбі күні қаза тапқандар санының өскенін хабарлады. Бұған дейін елдің уақытша президенті Дельси Родригес төтенше жағдай жариялаған болатын.

Хорхе Родригестің айтуынша, 250 ғимарат зақымданған немесе жойылған, негізінен Ла-Гуайрада. BBC осы жердегі 10 қабатты қонақ үйдің үйіндіге айналғанын растады. Бейсенбі күні адамдар жақындарын іздеп жүрді.

Каракастағы медицина студенті Хуан Ортис BBC-ге бір жақын досының қазасы расталғанын, екіншісінің үйінді астында қалғанын және жағалауда тұратын 20-ға жуық танысының хабарсыз жоғалғанын айтты.

Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельоның айтуынша, астанада да ғимараттар қираған. Трухильо, Яракуй, Карабобо, Арагуа және Миранда штаттары да зардап шеккен.

Каракастың үлкен метрополитен аймағына кіретін Чакао мэрі Густаво Дуке бір қираған ғимараттың сыртында 11 адам қаза тауып, 23 адам құтқарылғанын хабарлады. Ол үйінділерді тазартып, мамандардың ішке кіруіне жағдай жасап жатқандарын айтты.

Венесуэланың бас халықаралық әуежайы Майкетия қатты зақымданғандықтан жабылды. Терминал ішіндегі бейнежазбада төбеден шаң мен қоқыс түсіп жатқаны көрінеді.

Каракастан солтүстік-батысқа қарай 250 шақырым жердегі Тукакаста көп қабатты ғимарат (қонақ үй) қирағаны расталды.

Дельси Родригестің айтуынша, екі жер сілкінісінен кейін кем дегенде 30 қайталама дүмпу тіркелген.

USGS жоғары шығын мен кең ауқымды қирау ықтимал екенін және апат кең таралғанын хабарлады. Олардың бағалауынша, 10 000-нан астам адамның қаза табу ықтималдығы 42%, ал 100 000-нан астам адамның қаза табу ықтималдығы 33% құрайды. Бұл сандар төтенше жағдайға ден қоюға көмектесу үшін берілген және нақты болжам емес.

Венесуэла екі тектоникалық плитаның түйіскен жерінде орналасқан. Каракастағы журналист Луис Эрнандес BBC Newsday-ге электр қуатының өшуі мен интернеттің істен шығуы жағдайды бағалауды қиындатып отырғанын айтты.