Спорт журналистерінің дәстүрлі дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанның 2025/26 маусымындағы үздік хоккейшісі Магнитогорскінің «Металлург» клубы мен ұлттық құраманың қорғаушысы Валерий Орехов деп танылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауалнамаға 40 журналист қатысып, олардың әрқайсысы өткен маусым қорытындысы бойынша үздік үш ойыншыны атады. Бірінші орынға 3 ұпай, екінші орынға – 2, үшінші орынға – 1 ұпай берілді. Жеңімпаз жалпы 45 ұпай жинады.
КХЛ маусымының барысында Орехов тұрақты түрде жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Қорғаушы тұрақты маусымды «+30» пайдалылық көрсеткішімен, ал плей-оффты «+9» көрсеткішімен аяқтады.
27 жастағы Сатпаев тумасы (Қарағанды облысы) Қазақстан құрамасына элитаға шығуға көмектесе алмады, себебі ол кезде оның клубы Гагарин кубогы үшін күресіп жатты. Алайда ұлттық құрама бұл міндетті сенімді түрде шешті.
Валерий Орехов – Қазақстанның үздік хоккейшісі атанған бесінші қорғаушы. Оған дейін қорғаныс ойыншыларының ішінен үздік атанғандар: Игорь Земляной (1992), Виталий Трегубов (2001), Кевин Даллмэн (2009) және екі рет Даррен Диц (2019, 2020).
Екінші орынды 38 ұпаймен Қазақстан құрамасының тағы бір қорғаушысы Самат Данияр иеленді. 27 жастағы хоккейші жасөспірімдер құрамасынан бастап ұлттық командаға дейінгі даму жолының барлық кезеңінен өтті. Самат бүгінде «Барыс» қорғанысының тіректерінің бірі.
Үздік үштікті 34 ұпаймен Қазақстан құрамасы мен «Барыстың» шабуылшысы Семен Симонов түйіндеді. Жазында 21 жасқа толған жігіт «Барыс» сапында алғаш рет толыққанды маусым өткізіп, ұлттық құраманың әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы жеңісіне елеулі үлес қосты. «Барыстың» өткен маусымдағы сәтсіз ойыны аясында Симоновты чемпионаттың ашылуы деп батыл атауға болады.
Бес беделді БАҚ-тың, оның ішінде дәстүрлі түрде «Курсивтің» де қатысқан сауалнамасында барлығы 20 хоккейші аталды.
Танымал хоккей журналисі, «Хоккей Казахстана» атты алғашқы мамандандырылған журналдың негізін қалаушы Максим Карташовтың кенеттен қайтыс болуынан кейін 2022 жылдан бастап сауалнама координаторының міндетін Ильяс Омаров атқарып келеді. Азиялық спорттық баспасөз одағының (AIPS ASIA) атқару комитетінің мүшесі өз кезегінде Карташовқа «Хоккей Казахстана» журналын шығаруға көмектесіп, басылымның бас редакторы болды. Ал қазір маңызды бастаманың тоқтап қалуына жол бермей, Максимнің ісін жалғастырып келеді.
