Сан-Антониодағы Техас университетінің (UTSA) өз алаңында Navy командасына қарсы ойыны алдында Әуе күштерінің офицері Аламодом аренасының төбесінен құлап, қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға сенбі күні UTSA ойынының алдында болған. Есімі жарияланбаған офицер UTSA-ның Қарулы күштер мен ардагерлерді құрметтеу түніне арналған іс-шараға қатысқан. Ол стадионның төбесінен арқанмен түсіп бара жатқанда алаңға құлаған. Офицерге алаңда алғашқы көмек көрсетіліп, сосын носилкамен алып кетілген. Кейін ол жергілікті ауруханада алған жарақаттарынан көз жұмды.
Неллис әуе базасы оның 6-шы жауынгерлік дайындық эскадрильясының құрамында болғанын мәлімдеді. Бұл бөлімше әскери қызметшілерді тікұшақтардан арқанмен түсуге үйретуге көмектеседі.
Оқиғаның бейнежазбасында офицер алаңға құлаған кезде жиналған жұрттың дыбыс шығарғаны естіледі. Аламодом аренасының төбесі алаңнан шамамен 170 фут (шамамен 52 метр) биіктікте орналасқан.
«Бірдеңе болды – жұрттың [көңіл] күйінің жоғалғанын бірден байқадың», – деді ойыннан кейін UTSA жаттықтырушысы Джефф Трейлор. «Мен бұрын мұндай жағдаймен бетпе-бет келген емеспін. Бұл барлық нәрсені басқа қырынан көрсетеді. Шынымен де солай.»
Оқиғадан кейін ойынның басталуы шамамен 10 минутқа кешіктірілді.
«Бүгінгі ойынның басында болған оқиғаға қатты қайғырып отырмыз», – делінген UTSA мәлімдемесінде. «Шын жүректен ойымыз бен дұғамыз зардап шеккен әскери қызметшіге, оның отбасына және әскери әріптестеріне арналады.»
