ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық бақылаушылары Қазақстандағы Құрылтай сайлауы барысында азаматтардың еркін таңдауына күмән келтірмейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бақылаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов Астана мен қала маңындағы аудандардағы оннан астам сайлау учаскесін аралап, ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Біз адамдардың сайлауға саналы түрде келіп жатқанын көрдік. Мұнда біреудің біреуді мәжбүрлегені немесе белгілі бір бағытқа жетелегені байқалмайды», - деді Андрей Картаполов.

Оның айтуынша, ҰҚШҰ миссиясы Қазақстандағы сайлауды бірнеше жылдан бері бақылап келеді және сайлаушылардың еркін таңдауына қатысты ешқандай күмән туындаған емес. «Бүгін біз мұны өз көзімізбен көрдік. [...] Біз барлық жерде шамамен бірдей көрініске куә болдық: бәрі дайын, бәрі жоғары деңгейде, бәрі тыныш. Адамдар келіп, өз болашағы үшін дауыс беріп жатыр», - деді ол.

Картаполов сондай-ақ Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының жұмысын жоғары бағалап, оны «керемет» деп атады. Сонымен қатар ол сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын тілге тиек етті.