Қазақстанда жыл басынан бері 24 қылмыстық топтың мүшесі ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, ұсталған қылмыстық топтар бопсалау, адам ұрлау, қаруды заңсыз сақтау және басқа да ауыр қылмыстар үшін айыпталып отыр.

Қазіргі кезде 169-дан астам адам, оның ішінде топ жетекшілері қамауға алынды. Комитет мамандарының айтуынша, шекара маңында, өнеркәсіп және қоршаған ортаны қорғау салаларында қылмыстық схемаларды ұйымдастырумен байланысты заңсыз кіріс көздері анықталып, жойылды.

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде. Бірлескен операцияларға полиция мен прокуратура органдары да атсалысты.

Айта кетері, бұған дейін ұсталған бір қылмыстық топ шекарада арнайы қазылған тоннель арқылы бензин контрабандасын ұйымдастырған болатын.