Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіріп, өңдеумен айналысқандар ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатқан кейіп танытқан. Алайда оқиға орнында ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары қолданылған толыққанды тау-кен байыту кешені іске қосылған.

Агенттік өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырғанын атап өтті. Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.

Тергеу деректері бойынша, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден көп болған. Заңсыз әрекет салдарынан қоршаған ортаға залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады.